• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Мамыр, 2018

Басқа басылымдардан: Иерусалимде АҚШ елшілігін ашу­ға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр

199 рет
көрсетілді

Пашинян Армения премьер-министрі болып сайланды

Армения парламентінің 59 депу­татының дауысымен оппозиция өкілі Никол Пашинян премьер-министр қызметіне тағайындалды. Сайлау біткен соң Пашинян парламентке «Алғыс айтамын. Армения мен армян халқына қызмет етемін» деді.

Негізінен оппозиционердің қолы­на бейресми түрде билік бұдан ертерек өткен еді. Бұған мем­­­­лекеттегі жаппай наразылық акциялары мен оның билік­тегі партияға өзін сайлауға көндіруі, сайланбай жатып 8 мамыр күнін демалыс ретінде жариялауы дә­лел болса керек.

Айта кету керек, Пашинян екінші мүм­кіндіктен соң премьер-министр болып сайланды. Ол өзіне қажетті 53 дауыстан да көп қолдау тапты. 

Сирияда Ресей тікұшағы апатқа ұшырады

Сирияда Ресей әуе-ғарыш күш­терінің Ка-52 тікұшағы апатқа ұшы­рап, 2 ұшқыш қайтыс болды. Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әуе апатына техникалық ақаулар себеп болуы мүмкін. Бұл Ресей әскери бортында болған бір аптадағы екінші әуе апаты. Бұған дейін 3 мамыр күні Су-30СМ истребителі құлап, ұш­қыштары қаза тапқан болатын.

Тікұшақ 7 мамыр күні түнде құла­ған. Осы апатта мерт болғандарды қоса алғанда Сирияда қайтыс болған Ресей әскери қызметкерлерінің саны 87-ге жетті. Оның ішінде ең ірі апат 2018 жылдың 6 наурызында болды. Ол кезде Ан-26 ұшағы құлап, 39 адам қайтыс болған еді.

Иерусалимде АҚШ елшілігін ашу­ға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр

Келесі аптада Израильдегі АҚШ елшілігі Тель-Авивтен Иерусалимге көшіріледі. Осыған орай қала мэриясы АҚШ-тың жаңа елшілігіне нұсқайтын жол белгілерін орналастыра бастағанын хабарлады. Қала мэрі Нир Баркаттың айтуынша, алғашқы белгілер дүй­сенбі күні Иерусалимнің оңтүс­тік бөлігіндегі көше­лерге қойыл­ған. Бұл ауданның таңдалуы бекер емес, себебі жаңа елшілік дәл осы маң­да орналасады деп күтілуде.

Қала билігі жіберген суреттерде жол белгісінде ағылшын, иврит, араб тілдеріндегі «АҚШ елшілігі» деген жазуды байқауға болады. Ал Иерусалимдегі АҚШ-тың жаңа елші­лігі 14 мамыр күні ашылады. Оған АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған америкалық делегация барады деп жоспарланған.

Былтыр Дональд Трамп Иеру­салимді Израильдің астанасы ретінде мойындап, Америка елшілігін Тель-Авивтен көшіретінін айтқаннан соң Израиль-Палестина арасындағы шие­леніс күшейе түскен еді. Израиль Ие­ру­салимді мәңгілік астанамыз десе, Палестина бұл қаланы өз мем­­лекетінің капиталы санайды.

Ливанда 9 жылдан соң парламенттік сайлау өткізілді

Ливанда парламенттік сайлау 2014 жылы өткі­зілуі керек еді. Бірақ жаңа президентті сайлауға қар­сылық көрсеткен соң парламент өз жұмысын 2017 жылға дейін жалғастыратын болды. Сайлау күні 2017 жылдың 21 мамырына белгіленіп, одан кейін қыркүйек, қазан айларына ауыстырылған еді. Бірақ мемлекеттегі саяси дағдарыс пен көрші Сириядағы соғыс себебінен жиі ауыстырылған парламенттік сайлау тек осы жылдың 6 мамырында өтті. Сайлауда Ливанның Иран қолдауына ие «Хезболла» ұйымы жеңіске жетті.

«Хезболла» шииттер партиясы билікке келген соң мемлекеттің премьер-министрі Саад Харири бас­­қаратын «Аль-Мустакбаль» қоз­ғалысы депутаттар палатасындағы бұ­рынғы ықпалынан айырылды. Сайлау нәтижесінде белгілі болғандай, «Хез­болла» 128 депутаттық орынның 67-сін иемденді.

Ливан ішкі істер министрінің айтуынша, дауыс беруге халықтың 49,2 пайызы қатысқан. Мемлекет астанасы Бейрут қаласында тұрғындардың тек 30 пайызы дауыс беруге барған.

Айта кету керек, сайлау былтыр­ қабылданған жаңа заң бойынша өт­кізіл­ді.

Шолуды дайындаған Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»